«Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

  1. «Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік саясат және дін саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
  3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
  5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  6. Басқармаға егер Қазақстан Республикасының заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
  9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Бейбітшілік көшесі, № 11.
  10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
  11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
  12. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
  13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі. 

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

  1. Басқарманың миссиясы: елорданың этникааралық және конфессияаралық келісім саласындағы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайтуға, елорда тұрғындарының әлеуметтік оңтайлы көңіл-күйін қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын қолдау мен дамытуға, ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін арттыруға, Нұр-Сұлтан қаласының діни бірлестіктерімен өзара iс-қимыл және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын іске асыру және конфессияаралық келісімді нығайту, бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру.
  2. Міндеттері:

1) қоғамдық-саяси және әлеуметтік қатынастар, ғылым, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, жастар, тіл саясаты, туризм және спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаcында жергілікті атқарушы биліктің барлық құрылымдарының бірыңғай стратегиясын және келісілген өзара іс-қимылын қалыптастыру;

2) саяси партиялардың және қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметтері туралы қажетті ақпаратты жинақтау және дайындау;

3) рұқсат етілмеген наразылық акциялардың алдын-алу және қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

4) алынған деректер негізінде елордадағы қоғамдық-саяси ахуал туралы талдамалы баяндамалар, есептер және қызметтік жазбалар әзірлеу;

5) саяси партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі саласында тәжірибелік ұсынымдарды, негізгі бағыттарды қалыптастыру;

6) Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің (бұдан әрі – әкім) казақстандық патриотизмге тәрбиелеуге, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстан халқының бірлігін сақтауға, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын сақтауға бағытталған саяси бағытын жүзеге асыру;

7) әкім үшін тоқсан сайын реформалық курсты, «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (бұдан әрі – «Қазақстан-2050» стратегиясы), «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды түсіндіру және насихаттау жөніндегі шаралар туралы жиынтық ақпаратты дайындау;

8) елорданың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы, мемлекеттік биліктің жергілікті органдарының қызметі туралы қоғамдық пікірлерге мониторинг;

9) муниципалды мәселелерді анықтау, ұсынымдарды жасау, талдамалы баяндамаларды дайындау;

10) «Қазақстан-2050» стратегиясы, Бағдарлама, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын және Елбасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа да стратегиялық құжаттарының іске асырылуын идеологиялық қамтамасыз ету;

11) жастар саясаты мәселелері бойынша мемлекеттік басқару жүйесінің іске асырылуына жағдай жасау;

12) тұлғаның шығармашылық, рухани және дене қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыру, жастар арасында азаматтық-құқықтық және адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу;

13) жергілікті мемлекеттік органдардың жастар саясаты саласындағы қызметін үйлестіру;

14) жастар ұйымдарының қызметін талдау және мониторинг жүргізу;

15) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында мемлекеттік жастар саясаты шеңберінде қалалық, республикалық іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

16) жастар ұйымдарына ұйымдастырушылық, консультативтік-әдістемелік және ақпараттық көмек көрсету;

17) мәдениеттер пен діндер диалогының жаңа нысанын іздеу арқылы  Нұр-Сұлтан қаласындағы ішкі саяси тұрақтылық пен этникааралық келісімді нығайту;

18) діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын іске асыру, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

19) діни бірлестіктердің, діни білім беру ұйымдарының, миссионерлердің қызметі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын іске асыру саласындағы процестерді талдау мен нәтижелерін жинақтап қорыту, жан-жақты және объективті зерделеу;

20) конфессияаралық қатынасты нығайту және дін саласында жергілікті атқарушы биліктің барлық құрылымдарының бірыңғай стратегиясын қалыптастыру және келісімді қызмет ету;

21) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуде тиімді бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу;

22) Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа күрес заңнамаларының нормаларын сақтау;

23) гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру.

  1. Функциялары:

1) мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын және басқа да заңнамалық актілерін, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) қаулыларын, әкімнің өкімдері мен шешімдерін, Басқарма басшысы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;

3) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша әкімдік қаулыларының, әкімнің өкімдері мен шешімдерінің жобаларын әзірлеу, тұжырымдамалық құжаттарды дайындауға қатысу;

4) мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті жүзеге асыру;

5) Басқармадағы іс-қағаздарын жүргізу жағдайын қамтамасыз ету және бақылау;

6) «Айқын» жобасы мен «Электрондық құжатайналымының бірыңғай жүйесі» электрондық құжатайналымы қағидаларына сәйкес жұмысты ұйымдастыру;

7) Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік жарнамасы мен сыртқы безендіру жағдайын қамтамасыз ету және орындалуын бақылау;

8) мемлекеттік мерекелер, маңызды оқиғалар мен тарихи күндерге арналған іс-шараларға орайластырылған сыртқы безендіру мен әлеуметтік жарнаманы орналастыру бойынша қызметті іске асыру;

9) қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды реттеуде Нұр-Сұлтан қаласы билігінің барлық тармақтарымен өзара әрекет ету қағидаттарын қалыптастыру;

10) Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы саяси партияларға, қоғамдық-саяси ұйымдарға және олардың филиалдарының қызметіне тұрақты мониторинг жүргізу;

11) саяси партиялармен, қоғамдық-саяси ұйымдармен және олардың филиалдарымен өзара іс-қимыл жасау, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қоғамдық ұйымдармен өткізілетін іс-шараларға қатысу;

12) саяси партиялардың, қоғамдық-саяси және үкіметтік емес ұйымдардың қызметін талдау жолымен қоғамдағы қоғамдық-саяси ахуал жағдайының ортақ беталысын анықтау және болжау;

13) бейбіт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге рұқсат беру жөніндегі өтініштерді қарастыру, әкімдік қаулыларының жобаларын әзірлеу;

14) қоғамдық орындарда (саябақтар, шағын гүлбақтар), мәдениет ескерткіштері мен монументтерге, ғимараттарға, құрылыстарға іргелес аумақтарда, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде бұқаралық-мәдени іс-шаралар өткізуге өтініштерді қарастыру;

15) Басқарма құзыреті шеңберінде рұқсат етілмеген наразылық акцияларының алдын-алу және болжау;

16) әлеуметтік зерттеулер жүргізу;

17) Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысының жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша әдістемелік құралдар әзірлеу;

18) Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы туралы жариялық-насихаттық басылымдар дайындау;

19) ішкі саяси процестерге тұрақты мониторинг барысында алынған ақпаратты талдау;

20) қоғам тіршілік әрекетінің барлық негізгі бағыттары бойынша нақты ұсынымдар жасау;

21) мемлекеттің идеологиялық міндеттерін орындау аясында Нұр-Сұлтан қаласының ақпараттық-насихаттау топтары мүшелерін әдістемелік материалдармен ақпараттық қамтамасыз ету, тұрғындармен кездесу арқылы ақпараттық-насихаттау іс-шараларын өткізу;

22) алынған мәліметтер негізінде талдамалық баяндамалар, есептер және жазбалар дайындау;

23) Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің саясатын іске асыру;

24) халық бірлігін сақтау, қоғамда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу бойынша конституциялық қағидаттарды бекіту;

25) қоғамдық-саяси, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен келісілген өзара іс-қимылдың бірыңғай бағдарламасын іске асыру;

26) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне ұдайы мониторингті жүзеге асыру;

27) үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау және олармен Нұр-Сұлтан қаласының аумағында өткізілетін іс-шараларға қатысу;

28) үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы қажетті ақпаратты үнемі сұрау және талдау;

29) үкіметтік емес ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары бойынша ұсынымдар қалыптастыру;

30) азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру мен іске асыруға қатысу;

31) жақын және алыс шет елдерінің тәжірибесін зерделеу және діни бірлестіктермен өзара iс-қимыл саласында халықаралық және аумақтық байланысты кеңейту;

32) елордадағы діни ахуалды, әдебиеттерді, діни мақсаттағы заттарды зерделеп, оған талдау жүргізу;

33) елордада құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани (діни) білім беру ұйымдарының, қайырымдылық мекемелер мен қорлардың қызметін зерделеп, оған талдау жүргізу;

34) уәкілетті органға діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

35) діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

36) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізу;

37) әкімдіктің діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту жөніндегі актілерінің жобасын әзірлеу;

38) ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келісу;

39) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешімді келісу;

40) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізу;

41) миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеу;

42) азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын іске асыру саласындағы орын алған процестерді зерделеу мен нәтижелерін жинақтап қорыту және талдау;

43) конфессиялық саясатқа қауіптерді болжау және бейтараптандыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу, мемлекеттік органдарды әдістемелік қамтамасыз ету;

44) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңеспен өзара iс-қимыл жасау;

45) «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптардың орындалуын бақылау;

46) Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамаларының бұзылуы анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау, кейіннен оларды сот органдарына беру;

47) дін саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу мәселелері бойынша мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, діни конфессиялар, жастар, қоғамдық және басқа да бірлестіктермен өзара байланысты жүзеге асыру;

48) діни бірлестіктер басшылығымен миссионерлік қызмет, діни әдебиеттерді тарату, ғибадат ғимараттарынан тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуы, діни ахуалға мониторинг жүргізу, миссионерлерді есепке алу мәселелері бойынша өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету;

49) толеранттық және конфессияаралық келісімді нығайту саласында ақпараттық-насихаттық шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

50) жастар ұйымдарымен, саяси партиялар мен этно-мәдени бірлестіктердің жастар қанаттарымен қарым-қатынасты жүзеге асыру;

51) білім беру және тәрбиелеу жүйесі ұйымдарына мемлекеттік жастар саясаты саласында қажетті әдістемелік және консультативтік көмек көрсету;

52) Нұр-Сұлтан қаласының аумағында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және оны іске асыру;

53) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

1) әкімдік пен Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты бекітетін бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;

2) әкім және әкімдіктің Басқарманың құзыретіне жататын нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;

3) жергілікті атқарушы билік органдары қызметінің нәтижесі бойынша сараптамалық, талдамалық және жиынтық жұмыстарды жүргізу, ішкі саясат саласындағы жұмыстарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарастыру;

4) Қазақстан Республикасының конституциялық қағидаттары мен заңнамаларын сақтау саласындағы тиісті атқарушы билік органдарымен жұмыс жүргізу, қоғамдық-саяси, насихаттау топтарымен өзара іс-қимылда қоғамдағы шиеленіс жағдайларының алдын алу;

5) әкімге реформалар курсын, «Қазақстан-2050» стратегиясын, Бағдарма және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды (оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы аудан әкімдерінің қызметін бағалау жүйесіне сәйкес) түсіндіру және насихаттау барысы туралы жұмысты үйлестіру және талдамалық анықтамалар дайындау;

6) қалалық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық, ақпараттық-ойын-сауық іс-шараларына қатысу;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің Қазақстан Республикасы жастар саясаты саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеріс жүргізу;

8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

  1. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
  2. Басқарманың басшысын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
  3. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
  4. Басқарма басшысының өкілеттігі:

1) Басқарманың жұмысын басқаруды жүзеге асырады;

2) өз орынбасарлары мен Басқарманың бөлім басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

3) Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және босатады;

4) Басқарма қызметкерлерін марапаттайды және тәртіптік жазалар қолданады;

5) бұйрықтарға қол қояды;

6) Басқарманың құрылымын және бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;

7) Басқарманы барлық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда ұсынады;

8) жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жеке жауапкершілік алады;

9) Басқарма қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын орындамағаны үшін жеке жауапкершілік алады;

10) Басқарманың жұмыс регламентін бекітеді.

Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам орындайды.

  1. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

4. Басқарманың мүлкі

  1. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
  2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарма, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

  1. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

1) «Elorda Aqparat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

2) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

3) «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz